
Ақтөбеде полиция интернет-алаяқтар ұрлаған ақшаны кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банк карталарын сатып алды деген күдікпен ер адамды ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, осы карталар арқылы шамамен 10 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу мәліметінше, ер адам 18-25 жас аралығындағы жастардан банк карталарын 20-30 мың теңгеге сатып алып, кейін оларды үшінші тұлғаларға қайта сатып отырған. Кейін бұл карталар қылмыстық жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған.
Алдын ала ақпарат бойынша, аталған банк карталары арқылы шамамен 10 млн теңге шығарылған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша барлық мән-жайды және заңсыз әрекетке қатысы бар өзге тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицияның хабарлауынша, 2026 жылдың басынан бері Ақтөбе облысында интернет-алаяқтыққа қатысы бар 60-тан астам дроппер анықталып, ұсталған.
Құқық қорғау органдары банк картасын немесе банк шотын бейтаныс адамдарға беру, сату немесе рәсімдеу заң бұзушылық болып саналатынын және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін еске салады. Карта иесі алаяқтыққа тікелей қатыспаса да, өзінің банктік деректемелерін қаскөйлерге ұсыну арқылы қылмыстық схеманың қатысушысына айналуы мүмкін.