
Біріккен Араб Әмірліктерінде казино-курорт ашылмақшы. 60 гектар жерге орналасқан курорт келесі жылы күзде жұмысын бастайды деп жазады Euronews.
Казиноны америкалық Wynn салады. Бұл компания Лас-Вегаста, Бостон мен Макаодағы казиноларды басқарады. 2024 жылы алғаш рет БАӘ-дегі құмар ойындардың операторы деген коммерциялық лицензия алған.
Wynn Al Marjan Island атты кешен БАӘ құрамына кіретін Рас-Әл-Хаймда орналасады. Казинодан бөлек курортта 70 қабатты ғимарат, 22 мейрамхана, барлар мен лаудж-зона және жағажай клубы да болады. Спа-салон, фитнес зал, түнгі клубтар, балаларға арналған ойын-сауық орталықтары да жұмыс істейді.
Дегенмен курорт құрылысы Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты біраз кешеуілдеген еді. Соғыстың салдары әлі де әсер етіп жатыр. Wynn Resorts бас директоры Крейг Биллингс сөзінше, кей материалдардың бағасы өсіп, тасымалдау тоқтап, қызметкерлердің жүріп-тұруы да шектелген. Салдарынан компания қосымша 600 млн долларға шығынданды.
Араб әмірліктері заңды түрде құмар ойындарға толығымен тыйым салған елдердің бірі болған. Бірақ соңғы жылдары билік жағдайды өзгертті. Елде құмар ойындарды реттейтін арнайы федералды орган GCGRA құрылды. Құмар ойындар ойнауға туристер мен шетелдік резиденттерге рұқсат берілгенмен, ел азаматтарына (жергілікті арабтарға) тыйым салынған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның төрт облысында казино ашылады