
Қазақстанда алимент өндіру бойынша ең көп іс Қарағанды мен Түркістан облыстарында және Астанада тіркелген. Бұл туралы Әділет министрлігінің Атқарушылық жүйені қамтамасыз ету комитеті хабарлады.
Бұл ретте алимент бойынша ең үлкен берешек Түркістан облысында жиналған – 4,6 млрд теңге.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша алимент өндіріп алуға қатысты ең көп іс тіркелген өңірлер:
- Қарағанды облысы — 23 896;
- Түркістан облысы — 23 305;
- Астана қаласы — 22 761;
- Алматы қаласы — 20 328;
- Алматы облысы — 17 395.
Одан кейінгі орында Павлодар (17 213), Қостанай (16 971), Жамбыл (16 714), Ақтөбе (16 016), Шығыс Қазақстан (13 966), Ақмола (13 370), Маңғыстау (13 094), Қызылорда (13 020), Батыс Қазақстан (11 185), Атырау (10 969), Абай (9 968), Жетісу (9 648), Солтүстік Қазақстан (9 583) және Ұлытау облыстары (7 757) тұр.
Әділет министрлігі бұл деректер борышкерлердің нақты саны емес, атқарушылық өндіріс істерінің саны екенін атап өтті. Салыстырмалы түрде алғанда, бір адамға қатысты бірнеше іс қозғалуы мүмкін.
Ең көп қарыз Түркістан облысында тіркелді – 4,6 млрд теңге. Одан кейін Солтүстік Қазақстан (2,9 млрд), Шығыс Қазақстан (2,3 млрд), Қарағанды (2 млрд) және Павлодар облыстары (1,7 млрд теңге) орналасқан.
Алматы қаласы бойынша қарыз сомасы 1,6 млрд теңгені, Батыс Қазақстан облысында – 1,1 млрд теңгені, Атырауда 864,9 млн теңгені, Жетісу облысында – 537,6 млн теңгені, Шымкентте – 432,6 млн теңгені құрайды.
Ведомство дерегінше, ең аз қарыз көлемі Маңғыстау (33,6 миллион теңге), Алматы (4,8 миллион теңге) облыстарында және Астана қаласында (2,1 миллион теңге) байқалған.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында алимент төлеу міндеттерін орындамағаны үшін 2 190 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 227 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды деп түйіндеді комитет өкілдері.
Бұған дейін Қазақстанда алимент төлеу тәртібі өзгергенін жазған едік. 2026 жылдың 25 тамызынан бастап Қазақстанда алименттер тек арнайы банктік шоттарға аударылатын болады.