
Энергетика министрлігі көмірсутек өндірісі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін электронды аукцион өткізеді. Сауда-саттыққа барлығы 24 жер учаскесі шығарылып отыр. Бұған алдымен Energy Monitor телеграм-арнасы назар аударған.
Электронды аукцион 2026 жылдың 18 қарашасында өтеді. Қатысуға өтінім қабылдау 2026 жылдың 5 қазанына дейін қоса алғанда жүргізіледі.
Қандай жер учаскелері аукционға шығарылған
Аукционға ұсынылған учаскелер Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау және Қостанай облыстарында орналасқан. Жер қойнауын пайдалану келісімшарттарының негізгі түрлері геологиялық барлау мен өндіруге бағытталған.
Кейбір жекелеген учаскелер бойынша тек өндіру қызметі қарастырылған. Учаскелердің бастапқы қолтаңбалық бонустары 2026 жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіш негізінде есептелген.
Өндіріс бағыты бойынша Атырау облысында Айыртау-II (Шығыс) учаскесі ұсынылып отыр. Бұл учаскенің ауданы 1,11 шаршы километрді құрайды. Айыртау-II учаскесінің бастапқы бонусы 43 250 000 теңге көлемінде белгіленген.
Ақтөбе облысында Дөңгелексор кен орны өндіру үшін саудаға шығарылады. Оның ауданы 1,04 шаршы километрге, ал тереңдігі 65 метрге тең. Дөңгелексор кен орнының бастапқы бонусы 58 617 906 теңгені құрайды.
Батыс Қазақстан облысында барлау мен өндіру үшін Ақоба учаскесі орналасқан. Бұл учаскенің аумағы 1 112,26 шаршы километрді құрайды. Ақоба учаскесінің бастапқы бонусы 21 408 750 теңгеге бағаланған.
Ақтөбе облысында бірнеше барлау және өндіру учаскелері сатылымға қойылды. Соның ішінде Сарбұлақ учаскесінің ауданы 2 360,86 шаршы километрді құрайды. Оның бастапқы бонусы 45 758 500 теңгеге тең.
Жарлы учаскесінің аумағы 2 318,47 шаршы километрді құрайды. Бұл учаскенің бастапқы бағасы 43 985 250 теңгені құрап отыр. Солтүстік және Оңтүстік Сарлы учаскесінің ауданы 11,48 шаршы километрге тең. Осы учаскенің бастапқы бонусы 12 975 000 теңге болып белгіленген.
Бұған дейін геологиялық барлау үшін 100 учаске аукционға шығарылатыны хабарланған.