Жаңалықтар

Ломбардтан алынбай қалған алтын несие тарихында көрсетілмейтін болады

Фото: ЖИ-мен жасалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ломбардтан алынбай қалған алтын енді несие тарихында көрсетілмейтін болады. Есесіне бөліп төлеумен алынған қанша тауар алғаны туралы деректер енгізілмек.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие бюролары қызметіне қатысты ережелеге осындай өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Қаулы жобасы 18 тамызға дейін ашық талқыда болады

Осы уақытқа дейін ломбардқа техника немесе алтын әшекей өткізіп, оны қайтып алмаған азаматтардың несие тарихы бұзылып, кейіннен ипотека, автонесие немесе өзге де қарыз алу мүмкіндігін шектеп келген еді.

Енді мүлікті кепілге қою арқылы алынған қарыз бойынша мерзімі өткен төлемдер, өсімпұл мен айыппұл туралы мәліметтер Кредиттік бюро есебінен алып тасталады.

Агенттік мамандарының айтуынша, ломбардқа өткізілген мүлік құны көбіне қарыз көлемін толық жабатындықтан, бұл қарыз азаматтың төлем қабілетсіздігін немесе төлем тәртібінің төмендігін білдірмейді.

Шарты толық жабылғанға дейін қарыздар несие тарихында тек «Жарамды» деген мәртебемен ғана көрінеді, бұл заемшыларға өздерінің оң несие беделін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге реттеуші орган ұсынып отырған реформа тек ломбард қызметімен шектелмей, қаржылық бақылау мен жеке деректерді қорғауды күшейтуді де көздейді.

Жаңа ережелерге сәйкес, екінші деңгейлі банктер енді азаматтардың құмар ойынға жасаған төлемдері туралы ақпаратты, атап айтқанда, соңғы алты айдағы транзакциялардың сомасы мен датасын кредит бюроларына міндетті түрде жіберіп отырады.

Кредит алудан бастарту немес жаңа қарыз алуға берілген өтінімдер несие бюросы жүйесінде шынайы уақыт режимінде көрсетіледі.

Қазақстандағы ломбардтардың үш айдағы таза пайдасы 55 млрд теңгеге жуықтаған.