Жаңалықтар

«Қарғысты қайтарамыз» деген балгерлер қарияның 15 млн теңгесін алып кетті

Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қарағандыда өзін емші әрі балгер ретінде таныстырған үш әйел 78 жастағы зейнеткерді алдап кеткен.

Polisia.kz хабарлауынша, олар зейнеткердің 15 млн теңге ақшасы мен алтын бұйымдарын иемденген.

Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсанында күдіктілер көшеде қарияның сеніміне кіріп, оған «ескі қарғыс» бар екенін айтып қорқытқан. Олар қарғыстан арылу үшін түрлі ырым-жоралғылар жасап, кейін барлық алтын әшекейі мен ақшасын газетке орап беруді талап еткен.

Алаяқтар орнына мөрленген түйіншек беріп, оны 40 күннен кейін ғана ашуды тапсырған. Алайда зейнеткер сол түні түйіншекті ашқанда, ішінде бос қағаз жатқанын көрген.

Жәбірленушінің сипаттамасы негізінде полицейлер күдіктілерді Теміртауда ұстады. Олар Павлодар, Алматы қалалары мен Жетісу облысының тұрғындары болып шыққан. Тергеушілер олардың осыған ұқсас өзге алаяқтық әрекеттерге қатысы болуы мүмкін екенін де тексеріп жатыр.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.

Полиция азаматтарды өзін балгер, емші немесе көріпкел ретінде таныстырып, «қарғысты қайтарамыз», «көз тиюді кетіреміз» деген желеумен ақша не бағалы зат талап ететін адамдарға сенбеуге шақырды.

Былтыр шілде айында қазақстандықтардың 4 пайызы балгерлерге жүгінгені белгілі болған еді.