Жаңалықтар

«ҚазАвтоЖол» жолаушыларды дәретхана артында қажетін өтемеуге шақырды

t.me/qazavtojol бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

«ҚазАвтоЖол» жолаушыларды жол бойындағы дәретханалардың артына барып қажетін өтеуден бас тартуға шақырды.

Компания бұл санитарлық талапты бұзып, мүңкіген жағымсыз иістің тарауына әкеп соғатынын айтып отыр.

«Құрметті жүргізушілер мен жолаушылар! Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында сіздердің жайлылықтарыңыз үшін жылы және салқын санитарлық тораптар жұмыс істейді. Олар жол үстіндегі әрбір жолаушының таза әрі қолайлы жағдайда қажеттілігін өтеуі үшін салынған», – делінген компания үндеуінде.

Компания дерегінше, кейбір демалыс орындарында кезек күткісі келмейтін азаматтар дәретхананың сыртын пайдаланып жүр. Соның салдарынан аумақ ластанып, жағымсыз иіс пайда болып, санитарлық талаптар бұзылуда.

«Баршаңызды тазалықты сақтауға және қоғамдық мәдениет қағидаларын ұстануға шақырамыз. Естеріңізде болсын: дәретхананы пайдаланыңыз, қажет болса кезегіңізді күтіңіз. Қоқыс пен дәретхана қағазын бей-берекет тастамаңыз», – дейді компания өкілдері.

Мұның алдында «ҚазАвтоЖол» ақылы жол тарифін басқа елдермен салыстырған болатын.