Қоғам

«Қош бол, Гүлсары» фильмін түсірген режиссер Ардақ Әмірқұлов дүниеден өтті

Кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов дүниеден өтті/фото: shutterstock

«Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» фильмдерін түсірген кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов дүниеден өтті. Қаралы хабарды мәдениет министрлігі жеткізді.

«Ұлттық кино өнерін дамытуға саналы ғұмырын арнаған Ардақ Әмірқұлов қазақ кинематографиясының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Дарынды режиссер, білікті ұстаз әрі тәлімгер ретінде бірнеше буын киногерлердің қалыптасуына ықпал етті. 

Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» және өзге де фильмдері ұлттық кино өнерінің алтын қорынан орын алды. Оның шығармалары ел тарихын, халықтың рухани құндылықтарын және адам тағдырын терең бейнелеуімен ерекшеленіп, көрермен қауым мен кәсіби ортаның жоғары бағасына ие болды», – деп мәлімдеді министрлік.

Айта кетейік, 2026 жылдың 4 тамызында Халық қаһарманы Иван Гапич дүниеден өтті. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманының отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.