Жаңалықтар

Тараздағы Орталық стадион УЕФА талаптарына сай қайта жаңғыртылады

фото: kursiv.media

Тараз қаласындағы Орталық стадион таяу жылдары ауқымды реконструкциядан өтеді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов спорт нысанының қазіргі жай-күйімен танысу барысында мәлімдеді.

Жобалау ұйымының өкілдерімен өткен жұмыс кездесуінде стадионды модернизациялау бойынша алдағы атқарылатын жұмыстар талқыланды. Бүгінгі таңда футбол алаңы Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) стандарттарына сәйкес келмейтіні атап өтілді. Осыған байланысты нысанды қайта құру өңірдегі басты міндеттердің бірі болып отыр.

Жоспарға сәйкес: 2026 жылы – жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу көзделген. 2027–2028 жылдары – негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі.

Серік Сәлемов жауапты басқармалар мен жобалау ұйымына стадионды УЕФА талаптарына сай қайта жаңғыртуды, оны заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуді, сондай-ақ барлық жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Жаңа стадион құрылысы

Бұдан бөлек, Жамбыл облысын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған жоспарына жаңа Орталық стадион салу жобасы енгізілген. Жобаны жүзеге асыру 2029-2030 жылдарға межеленіп отыр.

Бұған дейін Алматыда 45 мың көрерменге арналған жаңа стадионның құрылысы басталған еді.