Lifestyle

TikTok-та 600 мың оқырманы бар блогерді тікелей эфирде атып кетті

Сесар Гастелум
Блогердің соңғы видеосын 3,2 млн адам көрді / фото: Instagram/Cesar Gastelum

Мексикалық блогер Сесар Гастелумды 4 тамыз күні достарымен бірге тікелей эфир жүргізіп тұрған жерде атып кетті. Оның TikTok әлеуметтік желісінде шамамен 600 мың оқырманы бар.

Гастелум әзіл бейнежазбаларымен танымал. Қайғылы оқиға күні блогер достарымен Кулиакан қаласындағы мейрамхана маңында тікелей эфир жүргізген. Сол кезде олардың жанына мотоциклмен екі адам келіп, Гастелумды тапаншамен атып кеткен.

Reuters мәліметінше, каска киген екеудің бірі блогерді көздеген. Оқиға тікелей эфирде көрсетілген. Блогердің TikTok-та жарияланған соңғы видеосын 3,2 млн адам көрген.

Мексика билігі Гастелумның қайтыс болғанын растады. Қайғылы жағдай Кулиакан қаласында жауласушы қылмыстық топтар арасында қақтығыс жүріп жатқан уақытта болып отыр.

Айта кетейік, 2025 жылғы мамырда бьюти-блогер Валерия Маркесті де TikTok-та тікелей эфир жүргізіп жатқан уақытта атып кеткен еді. Бұл оқиға Сапопан қаласында болған.