
Президент Тоқаевтың таңдаулы сөздері жинақталған кітап жарық көрді. Ол «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деп аталады. Бұл туралы президент көмекшісі Арман Қырықбаев фейсбуктегі парақшасында жазды.
Кітапқа Тоқаевтың 1990-жылдардан бері сөйлеген сөздері мен жариялаған мақалаларындағы дәйексөздері енгізілген. Үкімет отырысында айтқан ерекше сөздерін де жинаған. Оларды 21 тақырыпқа топтастырған.
«Кітапта Президенттің саяси философиясының мәні қысқа да нұсқа баяндалған. Дәл осы философия елдің жаңа жаңғыру бағытына негіз болды. Сондай-ақ ол әділетті, прогрессивті, қауіпсіз және таза Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформалардың ішкі логикасын көрсетеді», – деп жазады Қырықбаев.
Президент көмекшісі жинақ мемлекеттік қызметкерлер, жастар мен оқытушылар үшін пайдалы болатынын айтады. Кітап жақын арада барлық мемлекеттік кітапхана, университет пен колледжге, жастар орталығына таратылмақ.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та осыдан үш жыл бұрын кітабын шығарған. Оның еңбегі «Менің өмірім: Бодандықтан – бостандыққа» деп аталады. Кітапта Назарбаев өзінің Әсел Исабаева атты екінші әйелін ресми түрде мойындап, Тауман және Байкен есімді екі ұлы бар екенін жазған.