Lifestyle

Түркия Booking компаниясын тұрғын үйді жалға беру нарығына қайтаруы мүмкін

Түркия Booking компаниясын тұрғын үйді жалға беру нарығына қайтаруы мүмкін / Фото: Booking

Түркияда шетелдік сандық тұрғын үйді брондау платформалары мен туристік сервистерге жаңа талаптар белгілейтін заң жобасы дайындалуда. Заң күшіне енгеннен кейін белгіленген шарттарды орындаған компаниялар түрік нарығында қайтадан жұмыс істей алады. Олардың қатарында елдегі қызметін тоғыз жылдай бұрын тоқтатқан Booking.com да болуы мүмкін.

Жобаға сәйкес, шетелдік платформалар Түркияда ресми өкілдік ашуы және әр екі жыл сайын ұзартып отыруды талап ететін жұмыс істеу рұқсатын алуы тиіс. Ұзарту құны 5 млн түрік лирасын ($105 мыңнан астам) құрайды.

Компаниялар, сондай-ақ, сандық қызметтерге салынатын салықты төлеушілерге айналады және жылдық айналымның 0,05%-ын Түркияның Туризмді дамыту агенттігіне (TGA) аударып отырады.

Құжат бәсекелестікті бақылауды күшейтуді қарастырады. Платформалар пайдаланылатын алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз етуі және нарықта басым жағдайға әкелуі мүмкін тәжірибелерден бас тартуы тиіс. Бұл ретте қонақүйлер өз қызметтерін бір мезгілде кез келген басқа арналар арқылы сата алады.

Сонымен бірге, заң жобасы комиссия мөлшерін шектейді: шетелдік платформалар Түркиядағы сатудан 17%-дан артық ұстай алмайды. Сондай-ақ оларға «пакеттік турларды» сатуға тыйым салынады. Тек тұратын орнды брондауды, әуе билеттерін және трансферлерді ұсынуға рұқсат етіледі.

Заң жобасы таяу арада парламенттің қарауына енгізіледі деп күтілуде.