Жаңалықтар

Алаяқтар құрбаны болған Айсәуле Comic Con-ға Әділдік құдайы киімін дайындаған

Айсәуле Қанаха Comoc Con-ға Әділдік құдайы киімін киіп бармақ болған
Фестивальді асыға күткен Айсәуле арнайы тапсырыспен киім алдырған / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кибералаяқтар әрекеті салдарынан биыл сәуірде дүниеден өткен студент Айсәуле Қанаха Comic Con Astana 2026 фестиваліне шығыс фэнтези ойынының кейіпкері Чжун Ли киімімен бармақ болған.

Айсәуленің орындалмаған арманы

Марқұмның әкесі Саябек Қанаха қызының бүгін Астанада басталған фестивальге дайындаған киімін әлеуметтік желіге жариялады. Айсәуле Comic Con-ға Әділдік және келісім құдайы – Чжун Ли киімімен баруды көздеген. Сол үшін шығыс стилінде тігілген киімді арнайы тапсырыспен алдыртқан.

Алайда Айсәуленің арманы орындалмады – 20 жастағы қыз кибералаяқтар арбауына түсіп қалып, 1 сәуірде жұмбақ жағдайда өмірден өтті.

«Егер Айсәуле 1 сәуір күні өз еркімен өмірден кетуді жоспарлаған болса, неге ол 6 тамызда өтетін Comic Con-ға дайындалды? Неге костюм сатып алып, болашаққа жоспар құрды?» – деп сұрайды марқұмның әкесі. Ол қызының өз-өзіне қол жұмсады деген нұсқаға сенбейді.

Саябек Қанаха осы сұрақтардың жауабын біледі:

«Жауабы біреу ғана. Оның өмірі өз жоспарымен емес, кибералаяқтардың әрекеті салдарынан үзіліп қалды», – деп есептейді әке.

Қайғы қайталанбасын

Сәуірдегі қайғылы оқиғадан кейін марқұмның әкесі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жүйесін зерттеп, кемшіліктерді анықтаған.

«Сондықтан балалар мен азаматтарды қорғауға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеп, оларды петиция ретінде жарияладым. Ол жақын арада модерациядан өтті», – деп түсіндірді Саябек Қанаха.

Автордың пікірінше, бұл петиция – өткенді өзгерту үшін емес, басқа отбасылар қайғы жұтпас үшін қажет. Құжат e-Otinish порталына жарияланды. Қол жинау жүріп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, биыл көктемде «Шабыт» академиясының 20 жастағы студенті Айсәуле Қанаха алаяқтар арбауына түсіп қалды. Киберқылмыскерлер бойжеткенге бірнеше күн бойы WhatsApp мессенджері арқылы ауыр психологиялық қысым көрсетіп, отбасының қаражатын бөгде тұлғалардың (дропперлердің) шоттарына аударуға мәжбүрлеген. 1 сәуірде таңертең Айсәуле жұмбақ жағдайда көз жұмды. Марқұм 3 сәуір – 21 жасқа толар туған күні жерленді.

Ал маусым айында Айсәуленің әкесі телефон және интернет алаяқтығын «ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп тануды» сұрап, мемлекет басшысына жүгінген.