Алматыда құтқарушылар 3,5 мың метр биіктікте қалған ресейліктерді эвакуациялады

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің журналисі
Алматыда құтқарушылар 3,5 мың метр биіктіктен ресейліктерді эвакуациялады / Фото: Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматы облысының таулы аймағында жарақат алған Ресей Федерациясының екі азаматына шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, қауіпсіз жерге жеткізілді. Құтқару операциясын Қазақстан ТЖМ күштері сәтті жүргізді.

Оқиға 5 тамыз күні Талғар ауданында болған. Теңіз деңгейінен 3510 метр биіктікте орналасқан «Қазселденқорғау» мекемесінің «Тоғызақ» гидробекетіне 8 адамнан тұратын туристер тобы келіп, көмек сұраған. Бес қаруы сай боп жорыққа шыққанымен, таулы аймақта екі шетелдік жарақат алған. Оның бірі 25 жастағы бойжеткен.  Арнайы қорғаныс каскасын кигеніне қарамастан, құлағанда тас тиіп, басынан жарақат алған.

Екіншісі 32 жастағы ер адам, құлап түсіп, қолын зақымдаған.

Хабарлама түскен бойда ауа райы қолайсыз болып, тікұшақ көтеру мүмкін болмаған. Осыған байланысты «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары зардап шеккендерге қарай сол жақ Талғар шатқалы арқылы жаяу шықты.

Түнделетіп жүріп таңға жуық гидробекетке жеткен құтқарушылар алғашқы көмек көрсетті. Түске қарай ауа райы реттеліп, зардап шеккендер «Қазавиақұтқару» тікұшағымен «Медеу» алаңына эвакуацияланды.

Оқиға орнында ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасы туристерді қабылдап алып, әрі қарай толық тексеру мен емдеу үшін қаладағы ауруханаға жеткізді. Қазіргі уақытта шетелдік туристердің өміріне төніп тұрған қауіп жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз