
100 млн теңгеден астам қаражат жымқырып, алаяқтық жасады деген күдікті Грузиядан Қазақстанға жеткізілді. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің интерпол қызметкерлері күдіктіні Грузиядан елге жеткізді.
Ол 2021 жылдың қаңтары мен 2022 жылдың ақпаны аралығында Кипрден пәтер сатып алуға көмектесемін деген сылтаумен Қазақстан азаматынан 100 млн теңгеден астам ақша алған. Жәбірленуші оған 100 млн теңгені бірнеше рет бөліп салған.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып қалып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
2026 жылдың маусым айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейіде Грузиядан есірткі сатқаны үшін Қазақстан азаматы экстрадицияланған еді. Ол 1,8 миллиард теңгеден астам заңсыз табыс тапқан еді.