Жаңалықтар

Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінінен 25 млн теңге өндіріп алмақ

Фото: Әйгерім Таубай

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман балаларының әжесі Альмира Нұрлыбекованың 25 млн теңге өндіруді көздеп, талап-арыз бергенін мәлімдеді.

Қахарманның айтуынша, дау 2011 жылдан бері өзі басқарған фитнес-клубқа қатысты. Оның сөзінше, бизнес бұрынғы енесімен жасалған сенімгерлік басқару шарты негізінде жүргізілген. Неке кезінде Бишімбаевтың туыстары бизнестен түскен табысты қайтаруды талап етпегенімен, арада бірнеше жыл өткен соң сотқа жүгінген.

Назым Қахарман бұл соңғы екі жылда Бишімбаевтар әулеті тарапынан өзіне қарсы берілген төртінші талап-арыз екенін айтты. Оның пікірінше, іс балалардың әкесі жағындағы туыстарымен араласуына ықпал ету үшін жасалып отырған қысым болуы мүмкін.

Сондай-ақ ол сенімгерлік басқару шартының тәуекелі жоғары екенін көрсетіп, мұндай жағдайда туыстармен емес, жалдау шартын рәсімдеуге кеңес берді.

Бұған қоса, Қахарман Қуандық Бишімбаевтың өткен қыста ортақ үш баласына елден шығуға тыйым салу және олармен кездесу тәртібін белгілеу туралы талап-арыздарын кері қайтарып алғанын хабарлады.

Назым Қахарман алимент толық көлемде төленбегенін меңзеп, өзі де сотқа жүгінуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Қахарман бұрынғы күйеуінің жеке өміріне қатысты мәліметтер қамтылатын кітап әзірлеп жатқанын айтқан.