Жаңалықтар

Енді Отбасы банк арқылы 60 жыл бұрын салынған панель үйлерден пәтер алуға болады

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Енді салынғанына 60 жылдан аспаған панель үйлерден «Отбасы банк» арқылы пәтер алуға болады. Бұған дейін бұл мерзім 50 жылды құрайтын.

«Отбасы банк кепілге бетон және керамзитбетон негізіндегі панельді үйлердегі пәтерлерді, егер кредиттік өтінім берілген күні үйдің пайдалану мерзімі 60 жылдан аспаса, қабылдайды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ егер несиеге өтінім берілгенде үй пайдалануға берілгеніне 5 жылдан аспаса, құрылыс салушыдан сатып алынған СИП-панельдерден салынған жеке тұрғын үйлер де кепілге қабылдана.

Бұл ретте үйдің СИП-панельдерге арналған сертификаты болуы керек. Іргетасы суға төзімді материалдардан (темірбетон плиталар, бетон немесе бут тасы) салынуы тиіс. Ремонты біткен, суы кіргізіліп, жылу, кәріз және электр желісі жүрзігілуі тиіс.

Тағы қандай өзгерістер бар?

Сонымен қатар тұрғын үй заңнамасына 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап бірқатар өзгеріс енгізілмек.

Апатты деп танылған тұрғын үй иелеріне жаңа баспана жергілікті атқарушы органдар тарапынан коммуналдық тұрғын үй қорынан беріледі. Бұл азаматтар тұрғын үйге мұқтаждар есебіне orken.otbasybank.kz порталындағы «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасы арқылы тіркеледі.

Отбасы мүшелерінің құрамы кеңейтіліп, енді ерлі-зайыптылар мен олардың балаларынан бөлек, тараптардың өзара келісімімен ерлі-зайыптылардың ата-аналары, немерелері және ата-ана қамқоршылары да отбасы құрамына енгізіле алады.

Тұрғын үйге мұқтаж деп меншігінде баспанасы жоқ және жалғыз тұрғын үйдегі меншік үлесі 50%-дан аспайтын азаматтар мен олардың отбасы мүшелері танылады. Егер азаматтың немесе оның отбасы мүшелерінің меншігінде 50% немесе одан көп үлес болса, олар мұқтаждар есебіне тұра алмайды. Бұл талап есепте бұрыннан тұрған және 50% немесе одан көп үлесі бар азаматтарға қолданылмайды.

Жетім балалардың құқықтарын қорғау аясында бала асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылықтың күші жойылған жағдайда, олар тұрғын үйге мұқтаждар есебіне алғаш қойылған күнін сақтап қалады және бастапқы күн бойынша қайта есепке тұра алады.

Тұрғын үйді бөлу кезінде пәтердің жалпы ауданымен қатар отбасы құрамы да ескеріледі. Әр отбасы мүшесіне 15–18 шаршы метрден есептеу қағидатының орнына баспана отбасы құрамына тиесілі бөлме санына қарай бөлінетін болады. Осыған орай Отбасы банкі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидаларының жаңа редакциясын әзірлеп, Үкіметтің келісуіне жолдады.

Ауылдық елді мекендерде жалдамалы тұрғын үй өтініш беру тәртібі арқылы бөлінеді, яғни есепте тұрған азаматтар қажетті жалдамалы баспананы өз бетінше таңдап, өтініш бере алады.

Сонымен қатар «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, банкке азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз түгендеу жүргізу құқығы берілді. Бұл норма есепте тұрған азаматтар туралы мәліметтерді өзектендіруге және тұрғын үйді нақты деректер негізінде әділ бөлуге мүмкіндік береді.

Жалпы 1,5 жылдың ішінде Отбасы банк арқылы баспана кезегінде тұрған 40 мың отбасы үйлі болған.

Бұған дейін банк «Ұмай» ипотекасымен үй алу үшін отбасының табысы қанша болуы керек екенін жариялаған.