Жаңалықтар

ЕО Ресейдің бұғатталған қаржысынан Украинаға 1,4 млрд еуро жібереді

EU Parliament backs union-wide consent-based rape law
фото: Euronews

Еуроодақ бұғатталған ресейлік активтен түскен табыстың 1,4 млрд еуросын Украинаға бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен хабарлады.

Оның сөзінше, бөлінген қаражат «Ресейдің заңсыз соғысына тойтарыс беріп жатқан Украинаға қолдау болуы керек». Дегенмен Брюссель бұл Киевтің қолына тікелей берілетін ақша емес екенін ескертті. Бұғатталған активтерден түскен пайданың 95%-ы Украинаға несие беруді қолдайтын арнайы механизмге жіберілсе, қалған 5%-ы Еуропалық бейбітшілік қорына аударылады.

Еуроодақ мұндай шешімін жариялағанға дейін ресейлік дрондар Киевке шабуылдап, 17 адам қайтыс болған еді. Еурокомиссия басшылығы Ресейдің «бұл сұмдығын» айыптады.

«Біз тағы да Ресейдің сұмдық әрекеті туралы жаңалықтарды ести бастадық. Ресей келтірген шығын үшін құн төлеу керек», – деп жазды Урсула фон дер Ляйен.

2022 жылы соғыс басталған кезде ЕО өз аумағындағы Ресей Орталық банкінің ақшасын бұғаттап тастады. Негізгі капиталға ешкім тиген жоқ, бірақ сол ақшадан түсіп жатқан пайыздық пайда Украинаға көмек ретінде беріледі. Еурокомиссияның есебінше, бұл қаражат жалпы алғанда 8 млрд еуро үстеме пайда әкелген.

Оқи отырыңыз: Еуропа санкциядан шаршады ма: жаңа пакетке қарсылық күшейді