
Freedom Holding Corp. компаниясы «Bilim Group LTD» ЖШС-нің негізгі қатысушысы атанды. Бұл мәмілені Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі толық мақұлдаған. Нәтижесінде қос компания стратегиялық бастамаларды іске асыруға кіріспек.
Бұл қадам Freedom Holding Corp. компаниясының білім беру сервистерінің сапасы мен ашықтығын арттыруға, сондай-ақ отандық IT-сектордың экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған цифрлық трансформация стратегиясын көрсетеді.
Ынтымақтастық аясында болашағы зор зерттеулерге инвестиция салу, озық білім беру контенті мен әдістемелерін әзірлеу, оқытуды дараландыру және жасанды интеллект құралдары мен білім беру аналитикасын енгізу арқылы мұғалімдерді қолдау көзделген.
Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов келісімді қаржы және білім беру технологияларының синергиясы арқылы миллиондаған пайдаланушыға жаңа мүмкіндіктер ашатын, сондай-ақ қоғамға пайдалы сервистерді ыңғайлы әрі тегін форматта ұсынуға жол ашатын маңызды қадам деп бағалады.
Оның айтуынша, холдинг қол қойылған келісім негізінде OpenAI компаниясымен серіктестікті дамытып, EdTech сервистерін өзінің SuperApp экожүйесіне интеграциялауды және сапалы электрондық біліммен қамтылатын пайдаланушылар санын біртіндеп арттыруды жоспарлап отыр.
Bilim Group негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы ынтымақтастықты көпжылдық серіктестіктің заңды жалғасы деп атап өтті. Мәселен, Freedom Bank-пен бірлескен жобалар арқылы қазақстандық оқушылар жақсы оқу үлгерімі үшін сыйақы алып, білімге деген ынтасы мен қаржылық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік алған еді.
Рауан Кенжеханұлы екі тараптың құзыреттері мен ресурстарын біріктіру цифрлық білім беру шешімдерін жылдам әрі тиімді енгізуге ықпал ететінін жеткізді.
Freedom Holding Corp. – қаржы қызметтерін көрсететін, телекоммуникация, әуе билеттері мен мәдени және спорттық іс-шараларға билеттерді онлайн сату, онлайн-супермаркет қызметтерін ұсыну және басқа да көптеген бағыттарда қызмет атқаратын әртараптандырылған компания. 22 мемлекетте өкілдіктері бар және Nasdaq биржасында (FRHC тикерімен) саудаланатын Freedom Holding Corp. құрамында 11,8 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.
Ал 2011 жылы құрылған Bilim Group – цифрлық контент, білім беру үдерістерін автоматтандыру, кадрлық және қаржылық есеп жүргізу, тьюторинг пен цифрлық кітапханаларды біріктіріп, күніне 1 миллионға жуық бірегей пайдаланушыны қамтитын ірі EdTech экожүйесі.
Сондай-ақ 2025 жылғы қарашада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, OpenAI және Freedom Holding Corp. арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған.
Бұл келісім аясында BilimClass платформасы арқылы Қазақстанның 160 000-нан астам педагогы деректерді қорғаудың күшейтілген шаралары қарастырылған ChatGPT Edu арнайы білім беру бағдарламасына қол жеткізген.