Жаңалықтар

Қазақстандағы үй жануарларына да жаппай төлқұжат жасата бастады

фото: shutterstock

Қазақстанда TABAN жүйесіне 400 мың үй жануары тіркелген. Енді жануарды асырап отырған иелері оларға eGov Mobile қосымшасында цифрлы құжат жасата алады деп хабарлады Egov.kz.

5 тамыздағы дерек бойынша, реестрге енгізілгендер ішінде 290 868 ит және 106 760 мысық бар. Сондай-ақ бес қоян, төрт күзен, тышқан, тасбақа, су шошқасы және ергежейлі шошқа да тіркелген.

Цифрлық паспортта жануардың лақап аты, тұқымы, түсі, туған күні, жынысы және айрықша белгілері көрсетіледі. Сонымен қатар құжатта чиптеу, стерилизациялау және вакцинациялау туралы мәліметтер де жазылады.

Паспортты ашу үшін eGov Mobile қосымшасына кіріп, «Цифрлық құжаттар» бөліміне өтіп, «Басқа құжаттар» санатын, содан кейін «Үй жануарының паспорты» тармағын таңдау қажет. Ақпарат TABAN базасынан жүктеледі, сондықтан жануар жүйеде алдын ала тіркелуі тиіс.

Цифрлық құжат ветеринариялық клиникаға жүгінгенде, сапарға дайындалғанда, көрмеге қатысқанда немесе жоғалған үй жануарын іздегенде керек болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Енді елдегі ит-мысықтарды міндетті түрде чиптеу керек болады