«Қазақтелекомның» екі қызметкері жұмыс кезінде қайтыс болды

Жамбыл және Қостанай облыстарында «Қазақтелеком» АҚ-ның екі қызметкері жұмыста қаза тапты, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Алғашқы қайғылы оқиға 4 тамызда Жамбыл облысында болды. Арнайы техниканы пайдалану арқылы жұмыс істеген Тараз қалалық техникалық қызмет көрсету орталығының қызметкері жарақат алып қайтыс болды.
Екінші оқиға 5 тамызда Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орын алды. Жергілікті желілік-техникалық цехтың қызметкері байланыс желісінің бағандарында жұмыс істегенде ауыр жарақат алды.
Қостанай облыстық полиция департаментінде трагедияның Москалевка кентінде болғанын хабарлады.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, «Қазақтелеком» АҚ нысанында бөлшектеу жұмыстарын жүргізу кезінде электр монтёрінің үстіне темірбетон баған құлаған. Алған жарақаттарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды», – деді Қостанай облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Сералин.
Жұмыскердің қаза болу фактісі бойынша полиция қылмыстық іс тіркеді. Тергеушілер оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
«Қазақтелекомда» уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен екі факт бойынша да тергеу жүргізіліп жатқанын айтты. Компания қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына қажетті қолдау көрсетуге уәде берді.