Жаңалықтар

«ҚМГ Қарашығанақ» компаниясы 2025 жылы 47,2 млрд теңге таза пайда тапқан

Фото: kursiv.media архиві, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«ҚМГ Қарашығанақ» компаниясы 2025 жылы 47,2 млрд теңге таза пайда тапты. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен (47,0 млрд теңге) салыстырғанда сәл өсім бар екенін көрсетеді.

«КМГ Қарашығанақ» ЖШС «Қарашығанақ өнімді бөлісу туралы түпкілікті келісімі» (Қарашығанақ ӨБТК) шеңберінде 10% бөлінбейтін үлеске ие.

Кіріс құрылымы қандай

Серіктестіктің 2025 жылғы жалпы түсімі 184,2 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы 185,9 млрд теңгеден шамамен 0,9 пайызға төмен. Компания түсімінің басым бөлігі дәстүрлі түрде шикі мұнай сатудан түскен: 179,5 млрд теңге (өткен жылы 181,1 млрд теңге). Ал газ және оны өңдеу өнімдерін өткізуден түскен кіріс 4,7 млрд теңгені құрады.

Географиялық тұрғыдан алғанда, компанияның негізгі экспорттық бағыты — Швейцария нарығы. Мұнай сатудан түскен 179,5 млрд теңге кіріс толығымен осы елге тиесілі болса, ішкі нарықтағы (Қазақстан) түсім негізінен газ өнімдерін сату есебінен құралып, 4,7 млрд теңгені құрады.

Компания шығысы артқан

2025 жылы компанияның операциялық пайдасы 84,6 млрд теңгеден 75,6 млрд теңгеге дейін, яғни 10,6 пайызға азайды. Операциялық көрсеткіштердің төмендеуіне ең алдымен сатылған өнімнің өзіндік құны мен өткізу шығыстарының өсуі әсер еткен.

Серіктестіктің жалпы операциялық шығыстары (өзіндік құн, өткізу және әкімшілік шығыстар) 2024 жылғы 101,8 млрд теңгеден 108,6 млрд теңгеге дейін өсті (6,7 пайызға көбейген).

Оның ішінде өнімнің өзіндік құны 80,7 млрд теңгеден 84,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Өзіндік құн құрылымындағы ең үлкен үлес амортизация мен сарқылу шығындарына тиесілі – 52,9 млрд теңге.

Сонымен қатар еңбекақы мен салықтарға 7,2 млрд теңге, ал шикізат пен материалдарға 5,4 млрд теңге жұмсалды.

Шығыстардың өсуіне қарамастан, салық салынғанға дейінгі пайда 80,5 млрд теңгені құрады. Жыл соңында табыс салығы бойынша шығыстардың 39,0 млрд теңгеден 33,3 млрд теңгеге дейін азаюы компанияға таза пайда көлемін өткен жылғы деңгейде сақтап, 47,2 млрд теңгеге жеткізуге мүмкіндік берді.

Кен орны және акционерлік құрылым

«КМГ Қарашығанақ» ЖШС Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенорынын игеру бойынша өнімді бөлісу туралы түпкілікті келісім (Қарашығанақ ӨБТК) шеңберінде 10 пайыздық халықаралық консорциум үлесін басқарады.

Серіктестіктің жалғыз қатысушысы – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (100% үлес). Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының акциялары «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры (67,4%), ҚР Қаржы министрлігі (20%) және ҚР Ұлттық Банкіне (9,6%) тиесілі, ал қалғаны AIX және KASE қор биржаларында еркін айналымда жүр.