
Астанадағы автотұрақтардың бірінде темекі тұтатқан жүргізуші сіріңкесін сөндірмей, терезеден сыртқа тастай салған.
Қасында тұрған көлік – газ баллон жүйесі орнатылған Audi A6 сол сәтте лап етіп өртеніп кеткен.
Өртенген көліктің иесі де кінәлі
Өрттің шығу сәті автотұрақтағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Тәуелсіз бағалау нәтижесінде келтірілген материалдық шығын 2,9 млн теңгеден асқаны анықталған.
Іс сотқа дейін барды. Сот өрттің шығуына тек сіріңке тастаған жүргізуші ғана емес, өртенген көліктің иесі де кінәлі деген қорытындыға келді.
Әрекет қасақана жасалмаған
Сараптама қорытындысына сәйкес, көліктен шыққан газ булары газ-ауа қоспасын түзген. Көлік иесі тұрғылықты жері бойынша талап арыз бергендіктен, азаматтық істі Тараз қалалық соты қараған.
Сот жауапкердің бұл әрекетті қасақана жасамағанын ескерді. Ал әкімшілік іс ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қысқартылғанын атап өтті. Дегенмен бұл жағдай оны азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен босатпайды.
Шығын өндіріледі
Сонымен бірге сот өртенген Audi көлігінің иесінің де кінәсін көрсетті. Ол міндетті өрт қауіпсіздігі талаптарына сай тексерілмеген. Соның салдарынан газ сыртқа шыққан.
Тараптардың кінә дәрежесін ескерген сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына 1,6 млн теңгеден астам материалдық шығын мен сот шығындарын өндіру туралы шешім шығарылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Айта кететін жайт, Семейде алты жастағы бала абайсызда көршісінің көлігін өртеп жіберген еді.