Жаңалықтар

Ұлттық ұланда 40-қа жуық егіздер қызмет атқарып жүр

Фото: polisia.kz

Қазақстан ІІМ Ұлттық ұланында 40-қа жуық егіз бауыр бір әскери бөлімде бірге қызмет етіп жүр.

Polisia.kz хабарлауынша, олардың қатарында Астанадағы жедел мақсаттағы бригадада қызмет ететін Алмас пен Олжас Сүлейменовтер, сондай-ақ 6636 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген Ростислав пен Ярослав Таран бар. Екі жұп та – Павлодар қаласының тумасы.

Сүлейменовтер елордадағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысса, Тарандар әскери бөлімнің қарауыл қызметін атқарады. Әріптестері алғашында егіздерді ажырату қиын болғанын, алайда уақыт өте келе мінезі мен қарым-қатынас ерекшеліктері арқылы тануды үйренгенін айтады.

5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Алмас Сүлейменовтің айтуынша, туған бауырмен бірге Отан алдындағы борышты өтеу – үлкен мәртебе.

«Бала күнімізден бірге өстік, енді бірге әскери міндетімізді атқарып жүрміз. Бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетеміз, қиындықтарды бірге еңсереміз. Елімізге иық тіресе қызмет етіп жүргенімізді мақтан тұтамыз», – деді ол.

Мұның алдында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қазақ боксының аңызы Геннадий Головкиннің тарихи жетістігіне орай акция ұйымдастырған еді.