
Ұлыбритания ресейлік банктерге санкция салды. Олардың қатарында Росэксимбанк, «Центр-инвест» банкі, Реалист банк, Ставр банкі, Озон Банк және Телепорт банк бар. Бұл туралы Ұлыбританияның Қаржы санкцияларын іске асыру жөніндегі басқармасы хабарлады.
Ресми Лондонның түсіндіруінше, аталған қаржы ұйымдары Ресей үкіметімен жұмыс істеп, қаржылай пайда тауып отырған. Алты банктің бесеуі – шағын, аймақтық банктер. Ең ірісі Озон Банк – актив көлемі жөнінен 18-орынға шыққан.
Бұған дейін шілдеде ЕуроОдақ та Озон Банкті санкциялық тізімге қосқан. Дегенмен қаржы ұйымы бұғаттау банк жұмысына әсер етпейтінін айтып отыр.
«Банктің шетелде активі жоқ, ел сыртында операциялар орындамайды, тек Ресей ішіндегі клиенттеріне қызмет көрсетеді. SWIFT жүйесін пайдаланбайды. Сондықтан жаңа санкциялық шаралар Озон банкке әсер етпейді», – деп атап өтті қаржы ұйымы.
Банктерден бөлек Ресей мұнайын тасымалдайтын, қорғаныс секторымен байланысы бар бірнеше компанияға да шектеу қойылды.
Оқи отырыңыз: Ресейдің 32 банкі мен мұнай кемелері ЕуроОдақтың кезекті санкциясына ілікті