Жаңалықтар

Ұшқышсыз аэротаксиді көлік министрі бірінші болып сынап көрді

аэротакси
Аэротакси екі жолаушы таси алады / фото: Көлік министрлігі

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ұшқышсыз әуе кемесін алғашқылардың бірі болып сынап көрді. Аэротакси бейсенбі, 6 тамыз күні Астанада «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында таныстырылды.

EH216-S әуе кемесі тік ұшып-қона алады. Электр қуатымен қозғалады. Аэротакси екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Ең жоғары жылдамдығы – сағатына 130 шақырым. Ал ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін жетеді.

Министрлік мәліметінше, таксидің мұндай түрі алғашқы уақытта туристік бағыттарда қолданылады. Болашақта онымен жолаушы тасуға болады.

Аэротаксиді шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіру жұмыстарына, логистикаға және жедел әрекет етуді қажет ететін басқа да бағыттарға пайдаланады.

Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Астананың әуе мобильдігін дамыту үшін қажетті құқықтық және инфрақұрылымдық негіз қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұған дейін елордада робот-курьерлер тапсырысты тегін жеткізген.