
БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ХАМАС пен Израиль арасында соғыс қимылдарын тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен бергі 300 күн ішінде Газа секторында кемінде 300 баланың қаза тапқанын хабарлады.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта палестиналық отбасылар аймақ аумағының үштен бір бөлігінде ғана, қираған ғимараттар мен үйінділер арасында өмір сүруге мәжбүр. ЮНИСЕФ-тің Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бойынша өңірлік директоры Эдуард Бейгбедер күн сайын орта есеппен бір бала көз жұматын жағдайды «шынайы бейбітшілік» деп атауға болмайтынын атап өтті.
Сондай-ақ халықаралық ұйым сектордағы гуманитарлық дағдарыс пен медициналық ахуалдың тым ауыр екенін мәлімдеді:
- Азық-түлік пен таза су тапшылығы: Балалар арасында өте ауыр деңгейдегі тамақтанбау мен түрлі жұқпалы аурулар белең алған.
- Медициналық дағдарыс: Ауруханаларда жабдықтар мен дәрі-дәрмек жетіспейді. Мерзімінен бұрын туған нәрестелер көбейгенімен, арнайы орныдардың аздығынан бір аппаратты екі-үш сәбиге қатар пайдалануға тура келуде.
БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының дерегінше, 2025 жылғы 10 қазаннан бері секторда жалпы 1209 адам қаза тауып, 3943-і жарақат алған.
Соған қарамастан, БҰҰ мен серіктес ұйымдар көмек көрсетуді тоқтатқан жоқ. Қазіргі уақытта 250 мыңнан астам бала жазғы оқу-оңалту бағдарламаларымен қамтылған, сондай-ақ, Газа қаласындағы 3 мың уақытша баспананың жағдайы жақсартылды.