Қоғам

Желіде Қайсар Қамзаның қолына кісен тағылған фотосы тарады

Қайсар Қамза
Блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан елге жеткізілгелі жатыр/ Фото: Instagram

Халықаралық іздеу жарияланған Қайсар Қамзаның Вьетнам әуежайындағы фотосы тарады. Әлеуметтік желідегі фотоға сәйкес, блогердің қолына кісен тағылған, жанына күзет қойылған.

Вьетнам әуежайында түсірілген фотоларды журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жариялады. Кадрлар Қайсар Қамзаны Қазақстанға экстрадициялау барысында түсірілген болуы мүмкін. Алайда Қазақстанның бас прокуратурасы Қайсар Қамзаның елге жеткізілгеніне қатысты әлі ресми ақпарат жоқ екенін мәлімдеді. 

фото: t.me/kozachkow

Бұған дейін Қайсар Қамзаның Вьетнамда қамауда отырғаны, экстрадиция мәселесі қарастырылып жатқаны айтылды

Қайсар Қамзаға тағылған айып

2026 жылдың сәуірінде миллионнан астам оқырманы бар блогер Вьетнамда ұсталды. Ішкі істер министрлігі мәліметінше, ол Камрань қаласында Интерпол арқылы ұсталған. Сондай-ақ оның әлеуметтік желілерде онлайн-казино жарнамасын тұрақты түрде жариялап, қолданушыларды құмар ойындарға тартқаны хабарланған. 

Алайда мамырдың басында Қайсар Қамза Вьетнамнан бейнеүндеу жолдады. Видеода ол жақында Қазақстанға келіп, кейін Вьетнамның Нячанг қаласына қайта оралғанын айтқан. 

«Иммиграциялық қызметте менің төлқұжатымды алып қойды. Бәрі жақсы болады деп тілейік. Осыны айтқым келді. Жақсы күндерде қайта кездескенше», – деді блогер.

Айта кетейік, Қазақстан мен Вьетнам арасында 2017 жылдың 15 маусымында жасалған келісім бар. Келісімде күдіктіні ұстау Вьетнамның ұлттық заңнамасына сәйкес қаралатыны көрсетілген.