Жаңалықтар

50 мектеп директоры Қытайға барып, оқу технологияларын үйренді

Қытай білім беру саласында озық технологиялар қолданып жүр
Бейжің озық технологияларды білім беру саласында сәтті қолданып жүр / фото: REUTERS/Go Nakamura

Қытайдың Үрімші қаласында «Жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесінде қолдану» халықаралық семинары өтті. Оған Қазақстаннан «Келешек мектептері» жобасының 50 шақты директоры қатысты.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, семинар барысында қатысушылар қытайлық әріптестермен тәжірибе алмасып, озық мектептердің үздік тәжірибелерін зерделеді.

«Олар білім беру ұйымдарын басқарудың заманауи тәсілдерімен, цифрлық шешімдермен, жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде қолдану тәжірибесімен, сондай-ақ мектептер мен жоғары оқу орындары арасындағы тиімді ынтымақтастық үлгісімен танысты», – деп таратты министрлік.

Семинар қорытындысы бойынша зерделенген тәжірибелерді «Келешек мектептерінің» жұмысына кезең-кезеңімен енгізу, сондай-ақ қазақстандық және қытайлық білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты жалғастыру жоспарланып жатыр.

Министрлік педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту және халықаралық тәжірибені білім беру жүйесіне енгізуді басым бағыттардың бірі деп есептейді. Осы бағыттағы халықаралық серіктестік алдағы уақытта да жалғасады.