Жаңалықтар

Алматыда жүлде қоры 10,5 млн теңге болатын суретшілер байқауы жарияланды

фото: gokonfetti.com

Алматыда кәсіби суретшілерге арналған «Ажарлы Алматы!» республикалық байқауы басталды. Қатысушылар қаланың тарихи келбетіне, табиғаты мен мәдени өміріне арналған туындыларын ұсынып, 10,5 млн теңге көлеміндегі жүлде қорына таласады.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, өтінімдер 2026 жылдың 7 қыркүйегіне дейін azharlyalmaty@gmail.com электронды поштасы арқылы қабылданады.

«Байқау бейнелеу өнерін дамытуға, суретшілердің шығармашылық қызметіне қолдау көрсетуге, сондай-ақ бейнелеу өнері туындылары арқылы Алматының тарихи, мәдени және табиғи келбетін дәріптеуге бағытталған», – деп түсіндірді әкімдік.

Сайысқа жасы мен тұратын жеріне қарамастан, көркемсурет бағытында білімі бар Қазақстан Республикасының кәсіби суретшілері қатыса алады.

Байқау жұмыстары келесі тақырыптардың біріне сәйкес келуі тиіс:

– Алматының тарихи және қазіргі келбеті;

– Алматының табиғаты, көрікті жерлері мен сәулет мұрасы;

– Алматының мәдениеті, өнері және қоғамдық өмірі.

Жұмыстар кескіндеме (майлы бояу, акрил, темпера, акварель), графика, сондай-ақ аралас техника бағыттары бойынша қабылданады. Туындының ең кіші өлшемі — 70×80 см. Байқауға бұған дейін көрмелерге қойылмаған, өзге конкурстарға қатыспаған және ешқандай басылымдарда жарияланбаған түпнұсқа авторлық жұмыстар ғана қабылданады.

Жүлде қоры:

  • І орын — 3 000 000 теңге;
  • ІІ орын — екі жеңімпазға 2 000 000 теңгеден;
  • ІІІ орын — екі жеңімпазға 1 000 000 теңгеден;
  • бес ынталандыру сыйлығы — әрқайсысына 300 000 теңгеден.

Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі 2026 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласының күніне орайластырылады. Ең үздік конкурс жұмыстары қорытынды көрмеге қойылады.