
Белгілі документалист Ринат Балғабаев әлеуметтік тақырыптағы кезекті деректі фильмін шығарды. Бұл жолы ол депрессия жайлы түсірген.
Балғабаевтың фильмінде депрессиямен күреспек болған бірнеше кейіпкер бар. Соның бірі – белгілі стендапер, әзілкеш Ғалым Қалиақбаров. Ол өзінде депрессия болғанын білмей, жай ғана жалқаулық деп есептеген.
«Кеңестік тәрбиемен өскеннен кейін бе, ештеңе істегім келмей, ешнәрсеге ынтам болмаған уақытта мұны жәй ғана еріншектік, жалқаулық деп ойладым», – дейді ол.
39 жастағы әзілкештің тығыз жұмыс кестесі, ұйқысыздық, үнемі ұшақта болу – барлығы да психикалық саулығына кері әсер еткен.
«Бір уақытта айналамдағы дүниенің шын екеніне сенбей қалдым. Жұмысым, болып жатқан оқиға, тіпті балаларым мен әйелім де шынайы емес тәрізді. Бір танысыма осы жағдайды айтып жатқанда, бұл депрессияның бір белгісі деген еді», – дейді Қалиақбаров.
Фильмдегі өзге кейіпкерлер де депрессияға қалай түскенін, қандай жағдайға ұшырағанын бөліседі. Фильм авторы Ринат Балғабаев депрессияның себептерін атап өтіп, кез келген адам, тіпті танымал тұлға да бұл ауруға шалдығуы мүмкін дейді.
«Бұл деректі фильм депрессияның қандай болатынын, неге кез келген адамның басына түсуі мүмкін екенін және оны жақын адамыңның бойынан байқау неге қиын екенін түсіндіреді. Фильм жалғыздық, өмірден түңілу, көмек сұраудан қорқу туралы баяндайды», – деп жазады режиссер.
Оқи отырыңыз: Депрессияны емдеудің жаңа әдісі пайда болды