
Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады. Оның ішінде қияр, қызанақ, картоп және тағы басқа азық-түлік бар.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 5 тамыздағы жағдай бойынша, есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары бойынша бағаның төмендеуі байқалды.
Апта ішінде қияр бағасы 2,4 пайызға, ақ қырыққабат 2,1 пайызға, қызанақ пен картоп 1,7 пайызға, сүйексіз сиыр еті 0,4 пайызға, алма 0,3 пайызға, қарақұмық жармасы 0,2 пайызға, ал қаймақ бағасы 0,1 пайызға төмендеді.
Бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан, сүйекті сиыр еті, тауық еті, құс еті, ет фаршы, сүзбе, айран және шай бағалары есепті аптада өзгеріссіз қалды.
Өңірлер бөлінісіндегі баға қалай өзгерді?
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде Шымкентте (-0,4%), Павлодар мен Талдықорғанда (әрқайсысында -0,2%), Ақтөбе, Көкшетау, Қонаев, Қостанай қалаларында (әрқайсысында -0,1%) төмендеді.
Алматы, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Өскемен, Қарағанды, Петропавл және Тараз қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша қиярдың орташа бағасы килограмына 483 теңгені құрады. Ең төмен баға Шымкент қаласында тіркелді – килограмына 321 теңге.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 200 теңге деңгейінде қалыптасты. Ең қолжетімді бағалар Түркістан қаласында – 138 теңге, Қызылорда қаласында – 164 теңге деңгейінде белгіленді.
Ақ қырыққабаттың республика бойынша орташа бағасы килограмына 191 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркелді – килограмына 143 теңге.
Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы 529 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Тараз қаласында (310 теңге), Шымкент және Түркістанда (324 теңге) байқалды.
Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 778 теңгені, ал қой етінің, оның ішінде сүйексіз етті қоса алғанда, орташа бағасы килограмына 4 493 теңгені құрады.
Шілде айының соңында да әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің оның ішінде картоп, қызанақ және алманың бағасы арзандаған еді.