
Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне нидерландық маман Джон ван ’т Схиптің кандидатурасын ұсынды. Тараптар өзара келісімге келген, ал келісімшарт ҚФФ Атқарушы комитетінің отырысынан кейін ресми түрде рәсімделеді.
Джон ван ’т Схип футболшы ретінде үлкен биіктерді бағындырған. Ол Амстердамның «Аякс» және Италияның «Дженоа» клубтарында өнер көрсетіп, Нидерланд құрамасы сапында 1988 жылы Еуропа чемпионы атанған.
Бапкерлік жолын да туған клубы «Аякстың» жүйесінде бастап, кейіннен бас бапкер қызметін атқарды. Одан бөлек, «Твенте», «Зволле» (Нидерланд), «Гвадалахара» (Мексика) және «Мельбурн Сити» (Австралия) клубтарын баптады. Австралиялық клубпен 2016 жылы ел кубогын жеңіп алды.
Ұлттық құрамалар деңгейінде бұған дейін Грекия мен Армения құрамаларының тізгінін ұстаған.
Жаңа бас бапкермен бірге ұлттық құраманың бапкерлер штабы да жасақталды. Ван ’т Схипке отандық футболдың танымал тұлғалары көмектеседі:
Бас бапкердің көмекшілері: Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов, Қақпашылар бапкері: Юрий Новиков, Сарапшы бапкер: Тимур Құсайынов.

Еске сала кетейік, Ұлттық құрамадан кеткен Талғат Байсуфинов жаңа қызметке тағайындалған еді.