
Талдықорған қалалық соты Жетісу облыстық сот сараптамасы институтының бұрынғы директоры Жеңіс Әубәкіровке үкім шығарды.
Halyqstan ақпаратына қарағанда, сот оны марқұмның туыстарынан мәйітті сот-медициналық сараптамасыз беру үшін 200 мың теңге пара алғаны үшін кінәлі деп таныды.
Туыстары бұл талапқа келіскендей болып, кейін ҰҚК-ге шағымданған. Арнайы операция кезінде Әубәкіров ақшаны алған сәтте ұсталды.
Сотта ол кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот оның жасаған ісін Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі бойынша саралап, 6 млн теңге айыппұл салды. Бұл сома – сұраған параның 30 еселенген мөлшері.
Сондай-ақ, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан айырылды. Бұдан бөлек, жәбірленушілер қорына 86,5 мың теңге және сот шығынына 841 теңге төлеуге міндеттелді. Ал жедел іс-шара барысында берілген 200 мың теңге өтініш иесіне қайтарылады.
Сондай-ақ, Павлодар облысы Ақсу қаласының ауданаралық соты пара алып, істі бұрмалаған полиция қызметкеріне 6,6 млн теңге айыппұл салған еді.