Lifestyle

Netflix «Кальмар ойынының» американдық нұсқасын түсіруден бас тартты

Netflix «Кальмар ойынының» американдық нұсқасын түсіруден бас тартты / Фото: Netflix

Netflix кинокомпаниясы режиссёр Дэвид Финчердің түсіруі тиіс болған «Кальмар ойынының» американдық спин-оффын әзірлеуді тоқтатты, деп хабарлайды The Playlist.

Жоба «Heckler» деген атау алған. Оқиға АҚШ-та өтуі тиіс болса да, оны Ұлыбританияда түсіру жоспарланған еді. Сценариін британдық «Утопия» сериалының авторы Деннис Келли жазған.

Басылым дереккөзінің мәліметінше, жобаны бірнеше жыл әзірлеуден және кадрлық ауыс-түйістерден кейін Netflix франшизаға қатысты жоспарларын қайта қарады. Сонымен қатар, Финчердің басқа фильмдермен айналысуына байланысты спин-офф бойынша жұмыс бәсеңдеп қалды.

Американдық спин-оффтың орнына Netflix «Кальмар ойынының» нұсқаларын әртүрлі елдерде түсіру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Кореялық сериалдың үшінші маусымының финалында Кейт Бланшетт американдық кейіпкердің рөлін ойнады, бұл «Кальмар ойынының» АҚШ-тағы жалғасына меңзегендей еді. Дегенмен, The Playlist мәліметінше, Дэвид Финчердің жобасы Бланшеттің қатысуынсыз әзірленген.