Нұрай Серікбай 35 рет пышақталғанда тірі жатқан: сотта медсарапшы сөз сөйледі

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің журналисі
Нұрай Серікбай 35 рет пышақталғанда тірі жатқан / Фото: Instagram

Шымкенттің мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырысқа қаза тапқан қыздың денесін тексерген сот-медициналық сарапшы Жанболат Пернебеков шақырылған.

Пернебеков марқұмның денесінде қандай жерлерден жарақаттар табылғанын көрсетті. Оның айтуынша, бойжеткеннің мойын, іш, кеуде қуысы және бет аймағынан көптеген сұғылып-кесілген жарақаттар табылған. Олардың сегізі денеге терең еніп, ішкі органдарды зақымдаған.

«Көптеген жарақаттың, соның ішінде ішкі органдарға терең енген жарақаттардың болуына байланысты, олардың қайсысы өлімге тікелей себеп болғанын дәл айта алмаймын. Қаза болу бір минутта да, бірнеше минутта да орын алуы мүмкін еді», – деді Жанболат Пернебеков.

Ол бойжеткен барлық 35 жарақатты алғанда тірі болғанын атап өтті.

Сот отырысы шілдеде басталған. Сотталушы Шерхан Аймаханға осыған дейін Нұрай Серікбайға пышақ жарақатын қалай салғаны мүлдем есінде жоқ екенін, сол сәтте есінен танып, аффект күйінде болғанын айтты. Оған Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылды, егер судья кінәлі деп тапса, өмір бойына сотталуы мүмкін

Нұрай Серікбайдың отбасы моральдық және материалдық өтемақы ретінде 10 млрд теңге сұрап отырғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз