Жаңалықтар

Қайтыс болған Нұрайдың отбасы өтемақы ретінде 10 млрд теңге сұрады

Нұрай Серікбайдың соты өтіп жатыр/фото: Instagram

Кісі қолынан қайтыс болған Нұрай Серікбайдың отбасы моральдық және материалдық өтемақы ретінде 10 млрд теңге сұрап отыр. Бұл туралы олардың адвокаты хабарлады,

Қазір Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров марқұмның отбасы талап етіп отырған материалдық және моральдық шығын мөлшерін оқып берді.

«Нұрай Серікбайдың отбасы үшін бұл – орны толмас ауыр қайғы. Әке-анасы мен бауырлары сүйіспеншілік пен аялы алақанда өсірген жалғыз қызынан, қарындасынан айырылды. Шерхан Нұрайды өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлеу үшін алып қашқан, ал кейін оның бас тартқанын қабылдай алмай, артынан қалмай аңдып, соңында ауыр қылмысқа барды: оған көптеген пышақ жарақатын салып, салдарынан бойжеткен көз жұмды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Отбасының сотқа қатысуы да оларға ауыр тиді, өйткені олар іс материалдарын көріп, қайғылы сәттерді қайта бастан өткерді. Әрине, ешқандай ақша Нұрай Серікбайды қайтарып бере алмайды және отбасының жанына батқан қайғысын жеңілдетпейді. Дегенмен, жәбірленуші тараптың құқығын және Нұрайдың отбасы өмір бойы тартатын бұл қасіретті ескере отырып, 10 млрд теңге көлемінде моральдық зиянды өндіріп беруді сұраймыз», – деді ол.

Адвокаттың айтуынша, Нұрайдан айырылу оның жақындары үшін орны толмас қайғы болды. Отбасы қызды жерлеуге, діни әдет-ғұрыптарды өткізуге, ас беруге, мазар көтеруге, заңгерлік көмек алуға және сотқа куә рет келген Нұрайдың құрбыларының жол шығындарына қаражат жұмсаған. Осылайша, келтірілген материалдық шығын көлемі 14 739 065 теңгені құрап отыр.

Қорғаушы отбасының қайғысын ешқандай ақша баса алмайтынын, бірақ заңды құқығына сүйене отырып осындай талап қойғандарын айтты. Егер өтемақы өндірілсе, марқұмның жақындары ол қаражатты түгелдей қайырымдылыққа жұмсауды жоспарлап отыр.

Судья Самиддин Теміралиев айыпталушыдан қойылған талаптарды мойындайтын-мойындамайтынын сұрағанда, Шерхан Аймахан бұл талаптармен келіспейтінін мәлімдеді.

Сот отырысы шілдеде басталған. Сотталушы Нұрай Серікбайға пышақ жарақатын қалай салғаны мүлдем есінде жоқ екенін, сол сәтте есінен танып, аффект күйінде болғанын айтты. Оған Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылды, егер судья кінәлі деп тапса, өмір бойына сотталуы мүмкін.