
Ақмола облысында сумен жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр. Үкімет осы мақсатқа Арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңге бөлді. Каражат Бурабай ауданы мен Щучинск қаласында төрт инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қарастырылған.
Атап айтсақ, бұл қаражат Бурабай ауданындағы Қатаркөл көлінің маңында орналасқан балалар сауықтыру орталықтарының су құбыры желілерін жаңғыртуға бағытталады.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мекемелерге көрсетілетін коммуналдық қызмет сенімділігін арттырып, демалыс маусымында олардың толыққанды жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасайды.
Ал Щучинск қаласында бөлінген қаржы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін кешенді түрде жаңартуға жұмсалады. Атап айтқанда, магистральді су құбыры желілерінің төртінші кезеңін салу мен реконструкциялау, су бұру объектілері мен желілерін жөндеу, сондай-ақ орамішілік кәріз тарту жоспарланған.
Айта кетейік, 2024-2026 жылдар аралығында Арнаулы мемлекеттік қор есебінен Үкімет жалпы сомасы 610 млрд теңгеге 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдады.
Бұған дейін арнайы қордан Жамбыл облысы тұрғындарын газбен қамтамасыз етуге 2,9 млрд теңге бөлінген еді.