
Абай күні қарсаңында Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты әйелдер колониясында ерекше оқиға болды.
Polisia.kz ақпаратына қарағанда, жазасын өтеп жатқан, мекеменің кондитерлік цехында еңбек ететін сотталғандар ұлы қазақ ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының бейнесі салынған авторлық торт дайындады.
Тортты әзірлеуге бірнеше күн кеткен. Әйелдер эскизін өздері жасап, безендірудің әр бөлшегін мұқият ойластырған. Ақынның келбетін барынша дәл беру үшін әр элемент қолмен орындалған. Олардың айтуынша, бұл тек аспаздық жұмыс емес, Абай мұрасына деген құрметтің белгісі.
«Абай күні жақындағанда кондитерлік цехта жұмыс істейтін сотталғандар болып, ұлы ақынның бейнесі салынған торт пісіруді өзіміз ұсындық. Осылайша оның шығармашылығы мен рухани мұрасына деген құрметімізді білдіргіміз келді», – дейді сотталғандардың бірі.
Мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранованың айтуынша, басшылық мұндай идеяларға әрдайым қолдау көрсетеді.
«Осындай бастамалар сотталғандардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыруға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне оң ықпал етеді», – деді ол.
Былтыр 31 қазанда Италия астанасы Римде ақын Абай Құнанбайұлына арналған бюсттің салтанатты ашылу рәсімі өткен еді.