Жаңалықтар

Грант ұтып алмасаңыз да, тегін білім алудың жолдары бар

фото: shutterstock

Грантқа түсе алмай қалған түлектер үшін жағымды жаңалық бар. Ғылым және жоғары білім министрлігі өзіндік білім беру гранттарын ұсынатын ЖОО-лардың тізімін жариялады.

2026-2027 оқу жылы үшін елдегі үш ЖОО университет гранттарын ұсынады. Одан бөлек оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендиялар бар.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 500 квота ұсынады.  Қатысу үшін 10-15 тамыз аралығында құжат тапсыру керек. Конкурсқа мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысуға жарамды ҰБТ сертификаты бар және университет белгілеген шекті балды жинаған Қазақстан азаматтары қатыса алады.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT бағытындағы олимпиадалар, жобалар мен конкурстардың жеңімпаздарына 125 ішкі грант бөлді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың және «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының екі түлегіне оқудың толық мерзіміне 100% білім беру гранты бөлінген.

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде конкурстық бағдарламалар шеңберінде 94 грант қарастырылған.

Гранттарды беру талапбын әр университет өзі белгілейді. Іріктеу кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері, академиялық жетістіктер, «Алтын белгі» иегері болуы, олимпиадалар мен ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстардағы нәтижелер, сондай-ақ талапкердің әлеуметтік жағдайы ескеріледі.

Оқи отырыңыз: Педагогтер мен инженерлер: ең көп грант кімге бұйырды