
Украина АҚШ-қа Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына шабуылдамауға уәде берді. Ол құбыр арқылы қазақ мұнайының негізгі бөлігі экспортталады деп жазады Bloomberg америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, Киев Қара теңіздегі КҚК нысандарын, Новороссийск түбіндегі терминалға бара жатқан ресейлік емес танкерлерді атқыламауға міндетті болады.
Дегенмен бірнеше шарт бар. Кемелер ресейлік мұнайды немесе басқа да ресейлік жүктерді тасымалдамауы тиіс, сондай-ақ Украина санкцияларына ілінбеген әрі Ресей азаматтары мен компанияларына тиесілі болмауы керек. Бұдан бөлек, Украина коммерциялық тасымалдаушылармен байланыс орнату үшін арнайы арналар ұйымдастырды. Кеме иелері сол арқылы кемелерінің қауіпсіз өтуі үшін қажетті мәліметтерді алдын ала жібере алады.
Каспий құбыры консорциуымы – қазақ мұнайын экспорттаудың басты бағыты болып қала береді. Қазақстан, әзірге, мұндай көлемдегі мұнайды басқа бағыттарға бұра алмайды. Әлемдік мұнайдың шамамен 2%-ы КҚК жүйесі арқылы тасымалданады, ал жеткізілімнің басым бөлігі еуропалық сатып алушыларға жіберіледі.
Еске салайық, өткен айда «Теңізшевройл» мұнайы тиелген танкерге дрон шабуылдаған еді. Кемеде өрт шығып, мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.