Жаңалықтар

Жамбыл облысында 580 гектар қарасора жойылды

фото: Бас прокуратура видеосынан скрин

Жамбыл облысы Меркі ауданында «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүріп жатыр.

Аудан аумағында жабайы сора өсетін алқаптың жалпы көлемі шамамен 19 мың гектарды құрайды. Қазiргi уақытқа дейiн 580 гектар аумақ тазартылып, 376 тонна жабайы сора шабылып, өртелді. Алқаптарды тазалауға арнайы техникалармен қатар 14 ауылдық округтен 28 ерікті мен жұмыс тобының мүшелері жұмылдырылған.

Жыл сайын жүйелі түрде жүргізілетін бұл шаралар есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қойып, өңірдегі қылмыс деңгейін төмендетуге септігін тигізіп отыр. Мамандардың мәліметінше, биылғы 7 айда ауданда есірткіге қатысты 28 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (45 қылмыс) 37,8 пайызға аз.

Өз кезегінде Жамбыл облысының прокуратурасы есірткі құралдарын заңсыз өсіру, сақтау, тасымалдау мен өткізу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.