
Астанадағы айналма жол қозғалысы бес күнге шектеледі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» кәсіпорыны хабарлайды.
Компания мәліметінше, 9-13 тамыз аралығында республикалық маңызы бар жолдың бір учаскесі жөнделеді. Соған байланысты жол ішінара жабылады.
«KZ01-01 «Астана қаласының айналма жолы» автомобиль жолының 22–30 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді», – деп таратты «ҚазАвтоЖол».
Кәсіпорын жүргізушілерден жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауды және уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауды сұрайды. Бұған қоса «ҚазАвтожол» қолайсыздық үшін кешірім сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, тамыздың басында Алматыда Абай даңғылы жөнделіп, тұрғындар екі күн бойы кептеліске шағымданған. Осы оқиғадан кейін мегаполис әкімі Дархан Сатыбалды жол жөндеу кезінде тұрғындарға қолайсыздық жасамауды тапсырған.