
Абай облысы аумағындағы Ақтоғай кен орнында мыс байыту фабрикаларының бірі өртенді. Кәсіпорыннан 20 адам эвакуацияланды. Кен орны миллиардер Владимир Кимнің Kaz Mineral компаниясына тиесілі.
Оқыс оқиға 9 тамызда түскі сағат 12:00-де болған. Өрт Ақтоғайдағы № 1 кен байыту фабрикасынан шыққан. Бұл уақытта кәсіпорында мердігер ұйымның қызметкерлері жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүрген.
«Өртті Ақтоғай ӘВҚҚ (Әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі) қызметкерлері сөндірді. Бықсу мен түтіндеу болған жоқ. Көршілес ғимараттарға, конвейерлерге және басқа да өндірістік учаскелерге де қауіп төнбеді. Экологияға зиян тимеді», – деп мәлімдеді Kaz Minerals.
Компания оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпегенін, жұмысшылар дәрігерлер көмегіне жүгінбегенін ескертті.
Оттың тұтану себебі тексеріліп жатыр.
Ақтоғай кәсіпорны Kaz Minerals-қа тиесілі ең ірі өндіріс орны. 2024 жылы мұнда 229 мың тонна мыс өндірілген. Мұнда үш фабрика бар.
Kaz Minerals акцияларының 63,5%-на Владимир Ким, ал 36,5%-на Олег Новчук иелік етеді. Мажоритарлық акционердің дәулетін Forbes 5,9 млрд долларға бағалаған.
Тақырыпқа орай: Батыста жолаушы автобусы өртенді: салонда 37 адам болған