
Оқуға түсе алмай қалғандар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының грантын ала алады.
2026-2027 оқу жылында қор қайырымдылық бағдарламасы аясында талапкерлердің жоғары оқу орындарында білім алуына 350 білім беру грантын бөлді.
Қор грантын алу шарттары бар. Оған ауылдық елді мекендер, шағын және моноқалалар мектептерінің 25 жасқа дейінгі (қоса алғанда) түлектері төмендегі санаттардың біріне жататын жағдайда үміткер бола алады:
- жетім балалар және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлғалар;
- мүгедектігі бар тұлғалар;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары, сондай-ақ ата-анасының мүгедектігі бар талапкерлер.
Айта кетейік, қор бір академиялық жыл үшін оқу ақысын 1 млн теңгеге дейін төлейді. Сонымен бірге 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындайды. Биыл шәкіртақы мөлшері 1,5 есеге өскен.
«Қолдау оқу мерзімінің толық кезеңіне беріледі және әлеуметтік қолдауды қажет ететін жастардың жоғары білімге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған», – деп түсіндірді «Қазақстан халқына»
Талапкерлерден құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 1–17 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Құжаттар тексерілгеннен кейін «Қазақстан халқына» білім беру гранттарының иегерлері тізімі қордың ресми сайтында 2026 жылғы 11 қыркүйекке дейін жарияланады.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған.. Қордың басты мақсаты – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау және мәдениет салаларындағы маңызды мәселелерді шешуге көмектесу.
Бұған дейін экс-министрі Асхат Аймағамбетов грантқа түсе алмағандарға алты түрлі кеңес берген.