Жаңалықтар

Антальядан келген ұшақта жанжал шығарған елордалық қамауға алынды

Антальядан келген ұшақта жанжал шығарған елордалық қамауға алынды / Фото: AirAstana

Анталья – Астана рейсінде мас күйінде тәртіп бұзып, полицияға бағынбаған 44 жастағы елорда тұрғыны 10 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті хабарлады.

Мәселенің мәні

Полиция мәліметінше, ер адам ұшақ бортта келе жатқанда өзін агрессивті ұстап, балағат сөздер айтып, басқа жолаушылардың мазасын алған. Астана әуежайына қонған бойда ол көлік полициясы қызметкерлеріне тапсырылды.

Алайда полиция бөлмесіне апарар жолда жолаушы тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткен. Осыған байланысты полицейлер оған кісен салуға мәжбүр болды.

Сот шешімі

Азамат қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін жауапкершілікке тартылды. Ал ұсақ бұзақылық пен полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау фактілері бойынша жиналған материалдар сотқа жіберілді.

«Сот істі қарап, ер адамды кінәлі деп тапты және оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады», – деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.

Полиция өкілдері жолаушыларға әуе кемесі бортта тәртіп сақтау қажеттігін тағы да ескертті. Экипаж жұмысына кедергі келтіретін немесе айналадағыларға қауіп төндіретін кез келген әрекет заңды жауапкершілікке әкеп соғады.

«Ұшу қауіпсіздігі тек экипаж бен әуежай қызметкерлеріне емес, әрбір жолаушының өзін-өзі ұстауына да байланысты екенін ұмытпаған жөн», – деп атап өтті ведомство.

Айта кетейік, осыған дейін Алматы әуежайында қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін екі ер адам Алматы – Астана рейсінен шығарылғаны туралы жазған едік.