
Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) жүйе құраушы банктерді сауықтыруға қатысты жаңа ережені бекітті. Онда жүйе құраушы банкті «құтқаруға» керкен шығындарды жабу үшін банктердің міндетті жарна төлеу тәртібі нақтылаған.
Бұған дейін Үкімет ірі банктерді құтқару талабын бөлек қаулымен бекіткен еді Соған сәйкес, егер жүйе құраушы ірі банк банкроттық алдында тұрса, мемлекет немесе ұлттық холдинг бюджет қаражатын пайдаланып, оның акцияларын сатып алып, банктің қаржы жағдайын тұрақтандырады.
Кейін бұл акциялар жаңа инвесторға сатылады. Осы кезде мемлекеттің жұмсаған ақшасы мен сатудан түскен ақшаның арасында үлкен айырмашылық (залал) пайда болса, бұл шығынды мемлекеттік бюджет емес, нарықтағы басқа банктер жабылып, өз қалталарынан бөліп төлеп бермек. Тұжырымдай айтқанда, шығын нарықтағы басқа банктердің мойнына жүктеледі.
Шығынды өтеу міндеті банктердің міндеттемелер көлеміне байланысты бөлінеді. Әр қаржы институты үшін жылдық төлем шегі 1 қаңтардағы міндеттемелерінің 0,2%-нан аспауы тиіс.
Егер келтірілген шығын көлемі тым үлкен болып, бір жылдық лимитке сыймаса, банктер бұл жарнаны толық жапқанға дейін жыл сайын төлеп отырады.
Реттеуші хабарлама жіберген соң, төлем жасауға 30 күнтізбелік күн беріледі. Ал нормативтердің бұзылу қаупі туындаса, 6 айға дейін бөліп төлеу немесе кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған.
Бюджетке салмақ салмаудың амалы
Бұл бастаманың басты мақсаты – бұған дейін жиі сынға ұшыраған «салық төлеушілердің есебінен банктерді құтқару» тәжірибесін шектеу.
Мемлекет бюджет қаражатын қайтарудың заңды тетігін қалыптастырып отыр. Дегенмен, сарапшылар мен нарық қатысушылары бұл ереженың астарында біршама қауіп-қатер бар екенін айтып, дабыл қаққан.
Біріншіден, нарықтағы дұрыс басқарылмаған, тәуекелі жоғары саясат жүргізген банктің қателігі үшін тұрақты жұмыс істеп тұрған банктер жауап береді. Бұл акционерлердің жауапкершілік принципін бұзады.
Ал банктер өздеріне жүктелген бұл қосымша шығындарды жабу үшін несие пайыздарын өсіруі немесе қызмет комиссиясын қымбаттатуы мүмкін. Нәтижесінде жанама түрде бәрібір қарапайым халық пен бизнес зардап шегуі ықтимал.
Бір ірі банктің құлауы екінші деңгейлі басқа банктердің қаржылық жағдайын әлсіретіп, домино эффектісін тудыруы мүмкін.
Сонымен қатар, жаңа ережеде мемлекеттің жүйе құраушы банктерді «мемлекеттік инвестициялық жоба» ретінде бюджет есебінен тікелей құтқару мүмкіндігі де сақталып отыр. Бұл реттеушілердің бұрынғы тәсілден толық бас тартпағанын көрсетеді.
Қазақстанда 23 банк тіркелген. 2017 жылдары үкімет жүйе құраушы банктерді дағдарыста құтқару үшін қомақты қаржы бөлген. Сол кезде мемлекеттер көмек алған бірқатар банк борышын қайтарды.
Қазір Alatau City Bank, «Еуразиялық банк» және «Нұрбанк» балансында мемлекеттік көмек бар. 2026 жылдың қаңтар айында реттеуші орган бастапқыда дивидендтің кемінде 66%-ын қайтаруды ұсынған болатын. Алайда кейінгі өзгерістерден кейін талап 100%-ға дейін көтерілді.