
Канаданың батысында лезде таралып жатқан орман өртіне байланысты 20 мыңнан астам адам мәжбүрлі түрде өз үйлерін тастап кетті деп жазады Еuronews.
Сенбі күні Британдық Колумбия провинциясының билігі төтенше жағдай режимін жариялады. Ыстық әрі желді ауа райының кесірінен тілсіз жау қалың орман ішінде өте жоғары жылдамдықпен таралып жатыр.
Осыған байланысты Саммерленд қаласының 8 мың тұрғынын және Пичлендтегі 12 мың тұрғынды эвакуациялауға тура келді.
Орман өрті жұма күні басталған еді. Сенбі таңына қарай оның аумағы екі есеге жуық ұлғайып, 100 шаршы шақырымға жуықтады.
Британдық Колумбияның орман өртіне қарсы күрес қызметінің мәліметінше, жексенбі таңына қарай провинция аумағында 102 орман өрті тіркелген. Бүкіл ел бойынша орын алған аптап ыстық, қатты жел және ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан олардың көбін ауыздықтау мүмкін болмай отыр.
Канадалық ведомствоаралық орман өртімен күрес орталығының деректеріне сәйкес, жыл басынан бері тілсіз жау бүкіл ел бойынша 4 млн гектарға жуық орман алқабын шарпыған.