
Колумбияның батысында магнитудасы 7,4 болатын қуатты жер сілкінісі орын алып, соңғы мәліметтер бойынша кемінде 47 адам қаза тапты. Бұл – елдегі соңғы онжылдықта болған ең жойқын жер асты дүмпуі.
Зілзала ошағы: Боготадан батысқа қарай 400 шақырым жердегі Сан-Хосе-дель-Пальмар ауданында, 107 км тереңдікте орналасқан. Дүмпулер көршілес Эквадор мен Панамада да сезілді.
Зардап шеккен аймақтар: Залал 20-дан астам муниципалитетте тіркелді. Ең қатты зардап шеккен қалалар – Перейра, Кибдо, Кали және Манисалес.
Қаза тапқандар саны: Перейрада 18, Манисалесте 2 және Валье-дель-Каука департаментінде (Кали қаласы) 27 адам қаза тапқан (арасында кемінде 3 бала бар).
Оқиға орнындағы жағдай
Екі миллионға жуық тұрғыны бар Кали қаласында 19 ғимарат қирап, тұрғындар үйінді астында қалған. Перейра әуежайында төбе жабындылары құлап, жергілікті әуежайлардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Ал Манисалесте тарихи собордың мұнарасы қирады.
Құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар үйінділерді тазалап, аман қалғандарды іздестіруді жалғастыруда.
Негізгі дүмпуден кейін магнитудасы 2,8 және 4,8 болатын афтершоктар тіркелді. Колумбия президенті Абелардо де ла Эсприэлья ТЖ салдарын жою жұмыстарын жеке бақылауына алды. АҚШ пен аймақтағы бірқатар елдер Колумбияға көмек ұсынды.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 25 маусымда таңертең Венесуэлада екі жойқын зілзала болғанын жазған едік. Сейсмологтар магнитудасы 7,2 және 7,5 балдық екі қуатты жерасты дүмпуін тіркеді. Олардың арасында шамамен 40 секунд уақыт өткен. Осыдан кейін елде 1,5 мыңнан астам афтершок (қайталама жер сілкіністері) болды.