Жаңалықтар

Лихтенштейн азаматына тиесілі алтын компаниясы алты айда шығынға батты

Алтын компаниясы неге шығынға батты / Фото: shutterstock

Лихтенштейн азаматына тиесілі «Акжал Голд Ресорсиз» алтын компаниясы алты айда шығынға батты. Компанияның 6 айлық шоғырландырылған есебіне сәйкес, 1,6 млрд теңге шығын көрген.

2025 жылы миллиардтаған пайда алған компания биыл шығынға батып, шоттарындағы қолма-қол ақшасы азайып, міндеттемелері артқан. 2025 жылдың алғашқы 6 айында топ 5,37 млрд теңге таза пайда тапқан болса, 2026 жылдың сәйкес кезеңінде 1,62 миллиард теңге таза шығынға батты.

Биыл компанияның банк шоттарындағы ақша көлемі күрт азайып кеткен. Жыл басында компания шоттарында 7,51 млрд теңге болса, 2026 жылдың ортасында бұл көрсеткіш 77 млн теңгеге дейін (99%-ға) азайып кеткен.

Дайын өнім қорының (3,18 млрд теңге) қоймаларда жинақталуы компанияның өнімді өндіргенін, бірақ оны әлі толық сатып үлгермегенін немесе логистикалық кедергіге тап болғанын байқатады.

Кәсіпорынның 100% акция үлесі Нидерландыда тіркелген International Private Equity Initiative B.V. компаниясына тиесілі. Түпкілікті бақылаушы иесі – Лихтенштейн азаматы Адриан Роман Рейнбергер.

Холдингтің басты өндірістік активі – «Горняк» кеншілер артелі» ЖШС. Бұл еншілес компания Шығыс Қазақстан облысындағы «Акжал» алтын кен орнының Орталық учаскесінде алтын өндіреді.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен жасалған жер қойнауын пайдалану турады келісімшарт мерзімі 2032 жылға дейін ұзартылған. Сонымен қатар, топ құрамында пайдалы қазбаларды байытумен айналысатын «BM Factory Project» ЖШС бар.

2025 жыл басында түпкі иесі Қазақстанда алтын өндіретін компаниядан 1 млрд теңге дивиденд алатынын мәлімдеген.